Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Қазақстандағы киік саны 4,7 миллионға жеткенін айтты

Бақытжан Мұса 17 қаралым
Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сирек кездесетін жануарларды сақтау және олардың санын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Мемлекет басшысы киік пен қар барысы популяциясының артуын, сондай-ақ Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару бастамасын атап өтті. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Президенттің мәліметінше, 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік болса, биыл көктемде олардың саны 4,7 миллионға жеткен. Қазіргі таңда әлемдегі киіктердің 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекендейді.

Сонымен қатар қар барысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары да нәтиже беріп отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, өткен ғасырдың 90-жылдары жойылып кету қаупінде болған ілбістің саны шамамен 190 басқа дейін өскен. Бұған жануарларды қорғау шаралары мен жүйелі ғылыми мониторинг ықпал еткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жобасына қолдау көрсеткені үшін Ресейге, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге алғыс білдірді. Сондай-ақ биыл шілдеде жетпіс жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстанда чех, неміс және мажар серіктестерімен бірлесіп, Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Президент Каспий теңізінің экожүйесін қорғау мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда бұл жануар сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлер қатарына енгізілген.

Мемлекет басшысы Каспий маңындағы бес ел мен халықаралық қоғамдастықты итбалықты сақтап қалу үшін күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталамауы үшін табиғи ресурстарды қорғау бағытында шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp