Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесіп, Қазақстанның технологиялық дамуы, білім беру саласына инвестиция тарту және «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы елімізде технологияны терең меңгерген жаңа буын мамандарын даярлауға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта білім, ғылым және цифрлық құзыретті дамытуға инвестиция салынып жатыр.
Кездесу барысында Президент жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба келешек ұрпаққа маңызды әрі салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік береді.
Бастама аясында ел бойынша әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде жаңа мектептер, университеттер мен медициналық мекемелер салу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы мұндай нысандардың құрылысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және болашақ ұрпақтың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Жоба Қазақстанның жоғары оқу орындарымен, стартаптарымен және технологиялық компанияларымен серіктестікті кеңейтуді көздейді.
Кездесуде Баладжи Шринивасан Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның ішінде цифрлық шешімдерді дамыту, адами капиталды нығайту және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыру бар.
Network School негізін қалаушы Қазақстанда заманауи технологиялар мен экономиканың дәстүрлі салалары қатар дамып келе жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Президент Astana AI Film фестивалін инвестициялық тұрғыдан қолдағаны үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.
Тоқаев Қазақстандағы технологиялық білім мен «Халықтық құрылыс» бастамасын байланыстырды