Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Қазақстанды Еуразияның логистикалық орталығына айналдыруды көздеп отыр

Малика Хамит
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның логистикалық орталығына айналдыруды көздеп отыр

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көлік-логистика әлеуетін арттырып, халықаралық жүк тасымалындағы орнын нығайту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Мемлекет басшысы Жолдауында жаңа теміржол желілері мен автомобиль жолдарының маңызына тоқталып, қолға алынған жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, қазіргі әлемде логистика инфрақұрылымы елдің экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналған.

«Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қытаймен жүк өткізу мүмкіндігі артады

Мемлекет басшысы келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылатынын мәлімдеді. Жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу мүмкіндігін жылына 20 миллион тоннаға арттыруға жол ашады.

Сонымен қатар биыл тамызда «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ұзындығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан халықаралық жүк ағындарын басқаруға тиіс

Тоқаевтың сөзінше, теңіз жолдарының осал тұстары құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырған. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, Еуразиядағы жетекші логистикалық орталыққа айналуы керек.

Қазір Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы өтеді. Алайда Президент қазіргі жағдайға ғана сүйеніп отыруға болмайтынын атап өтті.

Оның пікірінше, Қазақстан халықаралық жүк ағындарын ұйымдастыруда белсенді рөл атқарып, отандық логистикалық операторларды дамытуға басымдық беруі қажет. Сондай-ақ жүк жинақтау және тарату орталықтарын құру, көлік тораптарының маңында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды.

Мемлекет басшысы Үкіметке осы саладағы барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp