Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жан-жақты трансформациялау үшін білікті инженерлер, техникалық мамандар мен зерттеушілер даярлаудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерді осы бағыттағы кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу жұмыстарына атсалысуға шақырды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасында жарияланды. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыруға кірісті. Оның аясында энергетика, атом қуаты, көлік, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы нысандарды жаңғырту көзделген.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін инженерлер мен техникалық мамандардың жаңа буынын қалыптастыру қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына енгізу мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл жұмыс тек дайын бағдарламаларды сатып алумен шектелмеуі керек. Ол үшін заманауи оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқытушыларды даярлау, сенімді цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану қағидаттарын белгілеу қажет.
Президент халықаралық серіктестерді ынтымақтастыққа кедергі келтіретін мәселелерді ашық талқылауға шақырды. Атап айтқанда, қаржылық шектеулер, әкімшілік рәсімдер мен академиялық ұтқырлыққа қатысты түйткілдерді анықтап, оларды шешу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта іске асырылатын нақты жобалар мен тараптардың міндеттемелерін айқындауға үндеді.