Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту қазіргі заманның басты талаптарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, тәжірибесін бауырлас елдермен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан цифрлық елге айналуды мақсат етіп отыр. Осы бағытта биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланып, бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда.
Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылып, осы салаға мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Сонымен қатар қуаттылығы 1 ГВт болатын деректерді өңдеу орталықтарының алқабы жасақталып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды, ал жақын арада үшіншісі жұмысын бастайды.
Тоқаев Қазақстанда Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң қабылданғанын да атап өтті. Оның сөзінше, еліміз бұл бағыттағы тәжірибесін түркі мемлекеттерімен бөлісуге дайын.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылғанына да тоқталды. Бұл жобаның мүмкіндіктерін басқа түркі мемлекеттері де пайдалана алады.
Сонымен қатар Президент Киберқауіпсіздік кеңесін және Цифрлық мониторинг пен инновациялар орталықтарын құру бастамаларын жеделдету қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл жобалар түркі елдерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.