Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы халықаралық әріптестіктің келесі кезеңінде бірлескен зерттеулер жүргізіп, жаңа технологиялар әзірлеуге және оларды экономикаға енгізуге басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президенттің сөзінше, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша негізгі жұмыстар аяқталып келеді. Қажетті инфрақұрылым құрылып, серіктестік келісімдер жасалған. Енді бұл ынтымақтастықтың нақты нәтижелеріне назар аудару қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі ретінде су қауіпсіздігін атады. Оның айтуынша, бұл мәселе Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы үшін аса маңызды.
Мемлекет басшысы трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйелерін құру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми негізделген су дипломатиясын дамыту қажеттігін атап өтті.
Осы бағытта Қазақстан БҰҰ университетінің тәжірибесі мен ғылыми әлеуетіне сүйенуге ниетті.