Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы жеделхатында Қытайдың даму мен экономикалық өрлеуде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, ғылыми-технологиялық, инновациялық және цифрлық экономика салаларында жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Ұлы Қытай тарихында жаңару мен жаңғырудың бірегей нышаны болған бұл күннің орны ерекше. Еліңіз өзіндік дәстүрі мен бай мәдениетін сақтап, даму мен экономикалық өрлеудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді», – делінген жеделхатта.
Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Шанхайда өткен кездесу екі елдің өзара ықпалдастығының келешегіне қатысты ортақ көзқарасты нығайтып, көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жол ашқанын айтты.
Мемлекет басшысы Си Цзиньпинге жауапты мемлекеттік қызметінде толайым табыс, ал Қытай халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.