Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосылуға шақырды

Малика Хамит
Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосылуға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосылуға немесе ұйым жанында бақылаушы мәртебесін алуға шақырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл туралы ол Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Ресейдің түркі әлемімен тарихи әрі мәдени байланысы терең. Сондықтан бұл елді «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматына тарту ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді», – деді Тоқаев.

Президент Ресей аумағында көптеген түркі халықтары тұратынын, ал түркі өркениетінің тарихында Алтай өңірінің орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей бүгінде «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тұжырымдамасын дәріптеп келеді. Қазақстан бұл бастаманы қолдайды.

Сондай-ақ Тоқаев орыс тілінде түркі тілдерінен енген сөздердің аз емес екенін айтып, екі тараптың тарихи жақындығына назар аударды.

«Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Саммитте Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының түркі әлемінің бірлігін нығайтудағы рөліне де тоқталды. Ол бауырлас елдердің егемендігі мен ұлттық мүддесін құрметтеу ортақ жұмыстың басты қағидаты екенін айтты.

Президент биылғы басқосудың «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» тақырыбына және Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығына орайластырылуының символдық мәні зор екенін атап өтті. Өйткені осыдан бір ғасыр бұрын Бакуде түркі халықтарының зиялы қауымы бас қосып, рухани және мәдени ынтымақтастықты нығайту мәселесін көтерген болатын.

Бөлісу: Telegram WhatsApp