Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын дамытудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Ресейге осы форматқа қосылуды немесе Ұйымға бақылаушы мәртебесінде қатысуды ұсыну қажет екенін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президенттің пікірінше, Ресейдің түркі әлемімен тарихи және мәдени байланыстары терең. Оның аумағында көптеген түркі халықтары өмір сүреді. Сонымен қатар Тоқаев Ресейдің «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тұжырымдамасын дәріптеп жүргенін атап өтіп, Қазақстанның бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты да басым бағыттардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 30 пайызға, ал транзиттік тасымал 90 пайызға артқан.
Сондай-ақ Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы теміржол жүк тасымалы 10 пайызға өсіп, 40 миллион тоннаға жуықтаған. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі 20 пайызға артып, 6,5 миллион тоннаға жеткен.
Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Орта дәліз бойындағы логистикалық инфрақұрылым мен теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және басқа да көлік бағыттары Қазақстан үшін маңызды әрі тиімді болып қала беретінін атап өтті.