Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының екінші күнін Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуден бастады., деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кездесуде Қазақстан мен Siemens арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Президент Siemens компаниясының өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық және интеллектуалды инфрақұрылым бағыттарындағы тәжірибесі Қазақстанның жаңғыру басымдықтарымен үндес екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың нақты секторларындағы цифрлық трансформация бойынша Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. Осы ретте Мемлекет басшысы Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компанияларының Qarmet металлургия комбинатының құрал-жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасын қолдайтынын білдірді.
Президент Қазақстанның заманауи құрал-жабдықтарды сатып алумен қатар, өндірістік, инженерлік және сервистік орталықтарды құруға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен бірге Siemens технологиялары мен құзыреттерін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға, сондай-ақ қоршаған орта жағдайына мониторинг жүргізу сапасын арттыруға пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу барысында Siemens Healthineers компаниясымен медициналық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективаларына да назар аударылды.