Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев TikTok дәуірінде кітап оқудың маңызын атап өтті

Малика Хамит 38 қаралым
Тоқаев TikTok дәуірінде кітап оқудың маңызын атап өтті

Тоқаев ТМД елдерінің үздік кітаптарын біріктіретін ортақ қор құруды ұсынды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының үздік әдеби шығармаларын біріктіретін «ТМД кітапханасының алтын қорын» құруды ұсынды. Жоба аясында кітаптарды бірнеше тілге аударып, оқырмандарға қолжетімді цифрлық кітапхана жасау көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселесіне назар аударды.

Оның айтуынша, интернет пен TikTok секілді платформалар кең таралған заманда өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын қолдау ерекше маңызды.

Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады
деді Президент.

Тоқаевтың пікірінше, Достастық елдерінің әдеби мұрасын кеңінен таныстыру халықтардың тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, жастар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал етеді.

Ортақ кітапхана қайда орналасуы мүмкін?

Президент «ТМД кітапханасының алтын қорын» құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталуы жоспарланған Астанадағы Президент кітапханасына орналастыруды ұсынды.

Жоба тек кітаптарды жинақтаумен шектелмейді. Шығармаларды кәсіби аудару және көпшілік еркін пайдалана алатын цифрлық кітапхана қалыптастыру да қарастырылып отыр.

Тоқаев Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Енді осы тәжірибені ТМД деңгейінде жалғастырып, әр елдің үздік туындыларын ортақ әдеби қорға біріктіру ұсынылды.

Президенттің пайымынша, мұндай бастама Достастық халықтарының рухани мұрасын сақтауға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға жол ашады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp