Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны қабылдауды ұсынды

Бақытжан Мұса
Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы тарихи мұраны сақтау, ортақ мәдени құндылықтарды дәріптеу және Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысын жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерттеу мен сақтауға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта Түркістанда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптейтін «Мәңгілік ел» орталығын құру бастамасы көтерілген. Қазір бұл жобалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Президент Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тез арада қабылдау қажеттігін де айтты. Сонымен қатар Қазақстанда «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық еңбек әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жұмысқа түркі мемлекеттерінің ғалымдары да қатысуда.

Мемлекет басшысы Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының жұмысына да тоқталды. Академияның бастамасымен «Түркі әлемінің киелі географиясы» атты үш томдық еңбек, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі және «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы жарық көрген.

Ал Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі халықтарының тарихы, әдебиеті мен мәдениетін таныстыруға арналған «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын әзірлеген.

Сондай-ақ Тоқаев келесі жылы Түркістан қаласының Ислам әлемінің мәдени астанасы атанатынын атап өтті. Осыған орай Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық форум мен түркі және ислам әлемі мұражай мамандарының жиынын өткізу жоспарланып отыр.

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық дамуына да назар аударды. Оның айтуынша, Ұйым қазір 60 түрлі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда кейбір бағыттар бір-бірін қайталайтындықтан, ортақ басымдықтарды нақтылау қажет.

Тоқаев Ұйым жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құрудың маңызын атап өтті. Сонымен бірге Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес екенін және болашақта да мұндай құрылымға айналмауы керектігін Қазақстанның ұстанымы ретінде тағы да жеткізді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы түркі елдерін ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге шақырды. Сондай-ақ Әзербайжанға Ұйымға төрағалық еткен кезеңдегі еңбегі үшін алғыс айтып, төрағалық міндетін қабылдайтын Түркияға сәттілік тіледі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp