Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Түркиядағы түркі әлемі аллеясының ашылуына қатысты

Малика Хамит
Тоқаев Түркиядағы түркі әлемі аллеясының ашылуына қатысты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жұмыс сапары аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге Анкара қаласындағы «Бештепе» саябағында Түркі әлемі аллеясының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жаңа аллеяда Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның ұлттық павильондары орналасқан. Әр павильоннан бауырлас халықтардың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани мұрасы көрініс тапқан.

Қазақстан павильонының басты нышандарының бірі – қазақтың киіз үйі. Ол Ұлы дала рухы мен түркі халықтарына ортақ тарихи тамырды бейнелейді. Мемлекет басшыларына киіз үйдің безендірілуі арқылы ежелгі түркі өркениеті, сақтар мұрасы және қазақ халқының табиғатпен үйлесімді өмір салты таныстырылды.

Сондай-ақ қонақтарға дәстүрлі саятшылық өнерін бейнелейтін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы мен көне түркі жазба мәдениетінің құнды мұрасы саналатын Орхон ескерткіштері көрсетілді.

Іс-шара аясында түркі мемлекеттерінің басшылары өнер шеберлерінің концертін де тамашалады. Сахнада «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркия Президенттік симфониялық оркестрі өнер көрсетіп, түркі халықтарының танымал музыкалық шығармаларын орындады.

Концертте ұлттық билер де ұсынылды. Ал кештің арнайы қонақтары қатарында түркиялық танымал әнші Кырач пен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген болды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp