Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев ҰҚК басшысын ауыстырды: ІІМ министріне де ескерту жасалды

Малика Хамит
Тоқаев ҰҚК басшысын ауыстырды: ІІМ министріне де ескерту жасалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұған арнайы қызметті реформалау қажеттілігі және күштік құрылымдар қызметіндегі бірқатар олқылықтар себеп болған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смалияров мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ҰҚК жүйесін реформалау міндетін тиімді жүзеге асыру үшін басшылық құрамда кадрлық өзгерістер жасау қажет деп есептеген.

Сонымен қатар Президент Ермек Сағымбаевты қызметтен босату кезінде жемқорлыққа қатысты тергеу аясында лауазымды тұлғаларды ұстау барысында күштік құрылымдар тарапынан жіберілген қателіктерді де ескерген.

Осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшыларына қатысты істе сыбайлас жемқорлық белгілері бар екені күмән тудырмайды. Тергеу кезіндегі фигуранттардың әрекеттері де осыны растаған.

Сондай-ақ Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан бастапқы кезден хабардар болған. Оның жемқорлықпен күреске қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалады.

Бұдан бөлек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Жиында полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру, қызметтік тәртіпті күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы министр Ержан Сәденовке полиция қызметкерлері мен офицерлер арасында тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp