Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қоғамдағы рөліне тоқталып, адал әрі заңға бағынатын азамат тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше екенін айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президенттің пікірінше, бүгінгі бала еңбекқор, білімге құштар және ізденімпаз болып өсуі керек. Ол үшін өскелең ұрпақтың қызығушылығы мен қажеттілігін ескеріп, шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады
Мемлекет басшысы қоғамда тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық құндылықтары нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға ұстаздар қауымы да елеулі үлес қосып отыр.
Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады
Тоқаев барша ұстазға ризашылығын білдіріп, олардың еңбегі зор құрметке лайық екенін айтты.