Мазмұнға өту
qandastar.

7 жыл, 7 белес: Тоқаев президенттігінің фотохроникасы

Малика Хамит 76 қаралым
7 жыл, 7 белес: Тоқаев президенттігінің фотохроникасы

2019 жылдың наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде ант қабылдаған сәттен бері жеті жылдан астам уақыт өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Осы кезеңде елдің саяси өмірінде, әлеуметтік-экономикалық саясатында және сыртқы байланыстарында бірқатар маңызды өзгеріс болды.

Президенттің жеті жылдық кезеңі оңай болған жоқ: пандемия, Қаңтар оқиғасы, экономикалық сын-қатерлер, геосаяси тұрақсыздық және елдің саяси жүйесін қайта құру үдерісі қатар жүрді.

Осы жылдары Қазақстанда конституциялық реформалар жүргізіліп, жаңа саяси институттар пайда болды. Ал сыртқы саясатта Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерімен және әлемнің жетекші державаларымен байланысын қатар дамытуға тырысты.

Ендігі кезекте qandastar.kz сайты назарларыңызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың президенттігінің жеті жылындағы маңызды сәттерінен фотохроника ұсынады.

Президенттік жолдың басталуы

Қазақстан, Астана

20 наурыз 2019 жыл: Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті ретінде ант қабылдады.

Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімінен кейінгі биліктің конституциялық жолмен ауысуы болды. Тоқаев осы сәттен бастап Мемлекет басшысы міндетін атқара бастады.

Кейін, 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, Президент болып сайланды. 12 маусымда сайланған Президент ретінде ресми түрде қызметіне кірісті.

«Еститін мемлекет» идеясы

Қазақстан, Астана

2019 жыл: Президенттің алғашқы жылында қоғаммен кері байланыс орнату, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және мемлекеттік аппараттың халықпен байланысын күшейту мәселесі күн тәртібіне шықты.

Тоқаев мемлекеттік басқарудың жаңа стилін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды көтеріп, азаматтардың пікірін ескеруге басымдық берді.

Бұл кезеңде президенттің ел өңірлеріне жұмыс сапарлары мен тұрғындармен кездесулері жиілей түсті.

Пандемия: Қазақстанның ең күрделі кезеңдерінің бірі

16 наурыз 2020 жыл: Қазақстанда COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.

Пандемия Президенттің алғашқы жылдарындағы ең үлкен сынақтардың біріне айналды. Мемлекет басшысы медициналық нысандардың жұмысымен танысып, дәрігерлермен кездесті.

12 мамырда Алматыға жұмыс сапары кезінде Тоқаев коронавирусқа тест жүргізетін мобильді зертхананың жұмысын көрді. Президент медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

Қазақстан, Алматы қаласы

Қаңтар оқиғасы: ел тарихындағы ауыр күндер

Қаңтар 2022 жыл: Қазақстанның бірнеше өңірінде жаппай наразылық басталып, кейін Алматы мен басқа қалаларда тәртіпсіздіктерге ұласты.

Оқиғалардан кейін Президент елге үндеу жасап, Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Қаңтар оқиғасы Қазақстанның саяси және қоғамдық өміріндегі ең күрделі кезеңдердің біріне айналды.

Одан кейін елдің саяси жүйесін қайта құруға бағытталған реформалар жеделдеді.

Конституциялық реформа: жаңа саяси модельге қадам

Қазақстан, Астана

5 маусым 2022 жыл: Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдум өтті.

Тоқаев референдумда өзі дауыс берді. Бұл Қазақстан тарихында Конституцияға өзгерістерді жалпыхалықтық дауыс беруге шығару арқылы қабылдаған маңызды саяси кезең болды.

Реформа нәтижесінде Президенттің бірқатар өкілеттіктері қайта қаралып, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөліне қатысты өзгерістер енгізілді.

Президенттің қайта сайлануы

20 қараша 2022 жыл: кезектен тыс президент сайлауы өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап, Президент болып қайта сайланды. 26 қарашада оның екінші мерзімге ұлықтау рәсімі өтті.

Осы кезеңде «Әділетті Қазақстан» құру идеясы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды.

Қазақстан, Астана

Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігі

2023–2024 жылдар: Президенттің шетелдік сапарлары мен халықаралық кездесулерінің географиясы кеңейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Владимир Путин

Тоқаев Қытай, Франция, АҚШ, Түркия, Ресей және Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер өткізді.

2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астанада ұйымның саммитін қабылдады. Сондай-ақ Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық форумдар өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Си Цзиньпинь

Париждегі стратегиялық диалог

Франция, Париж

4-5 қараша 2024 жыл: Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен барды.

Парижде Президент Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Сапар барысында энергетика, инвестиция, көлік, цифрландыру және басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелері көтерілді.

Қазақстанның цифрлық болашағы

Қазақстан, Астана

2025 жыл: жасанды интеллект пен цифрландыру Президенттің күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды.

Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беретін елдердің қатарына шығаруды көздейтін бастамаларды қолдады.

2025 жылғы Жолдау «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті мәселелер мен оларды шешу» тақырыбына арналды.

Қазақстан, Астана қаласы

Президент 2025 жылғы басымдықтарды айқындады

28 қаңтар: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сыртқы саясатына қатысты маңызды тапсырмалар берді. Бұл кездесу елдің тұрақты дамуына бағытталған шешімдер қабылдауда негізгі басымдықтарды айқындады.

Қазақстан, Астана қаласы

Бұл іс-шара мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының дамуы үшін маңызды кезең болды, онда экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік, экологиялық қауіпсіздік және сыртқы экономикалық белсенділік мәселелері көтерілді.

Президент Үкіметті жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге бағыттауға шақырды. Президент: «Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді», – деп атап өтті.

Орта Азиядағы стратегиялық әріптестік

29 наурыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Алматы қаласында стратегиялық әріптестік пен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Қазақстан, Алматы қаласы

Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді
деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан, Алматы қаласы

Бұл кездесу Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты диалогты күшейтті.

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті

Сәуір айы: Тоқаев Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитіне қатысып, ЕО басшылығымен және халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізді. Бұл шара Қазақстанның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін бекітті.

Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Өзбекстан, Самарқанд қаласы

Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі

Қазақстан, Астана

16 маусым: Астана қаласында екінші Қытай-Орталық Азия саммиті өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Ци Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Қазақстан, Астана қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді
деді Президент.

Форум қорытындысы бойынша мемлекет басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Түркиямен стратегиялық диалог

29 шілде: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді.

Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының болашағы зор. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылуда.

Түркия, Анкара қаласы

Шара барысында тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасып, екіжақты энергетикалық, жасыл технологиялар мен инновация салаларындағы келісімдерге қол жеткізілді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы

24 қыркүйек: АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Мемлекет басшысы еліміздің көпвекторлы дипломатиясының жаңа бағытын жариялап, Қазақстанның жаһандық мәселелерге қатысуы туралы стратегиялық ұстанымдарын айтты.

«Бірлесе әрекет ету: бейбітшілік, даму және адам құқықтары жолында 80 жылдық ортақ еңбек және алдағы бағыт» тақырыбына арналған бұл шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің басшыларымен, сондай-ақ FIFA президентімен маңызды келіссөздер жүргізді.

АҚШ, Нью-Йорк қаласы

Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы келіссөздері Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, спорт, экономика, гуманитарлық байланыстар мен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне тың серпін берді.

АҚШ, Нью-Йорк қаласы

АҚШ-пен стратегиялық қарым-қатынас

7 қараша: Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитінде Қазақстан мен АҚШ стратегиялық әріптестік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған келіссөздер жүргізді.

АҚШ, Вашингтон қаласы

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растап, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді
деді Мемлекет басшысы.

АҚШ, Вашингтон қаласы

Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасты.

Жапонияға ресми сапар

18-20 желтоқсан: Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барып, «Орталық Азия + Жапония» саммитіне қатысты, сондай-ақ император Нарухитомен және іскерлік орта өкілдерімен кездесулер өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастар тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жеткен. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты.

Жапония, Токио қаласы

Мемлекет басшысының Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

Статистикалық деректер: 2024 жылы Президенттің әуе сапарларына 245 сағат жұмсалған болатын. 2025 жыл да халықаралық сапарлар тұрғысынан кем түскен жоқ, керісінше мазмұны мен қарқыны жағынан аса тығыз болды. Он екі айдың ішінде Мемлекет басшысы 19 шетелдік сапар жасады. Бұл сапарлар Еуразияның, Таяу Шығыстың, Шығыс Азияның және Солтүстік Американың негізгі саяси әрі экономикалық орталықтарын қамтыды.

Шетелдік байланыстардың басым бөлігі жұмыс сапарлары болды. Мұндай сапарлар саны – он үш. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстанға, Ресейге, Венгрияға, Беларуське, Түрікменстанға, АҚШ-қа, Әзербайжанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға жасалған сапарлар бар. Жұмыс сапарлары форматы аймақтық қауіпсіздік, экономика және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты диалогты сақтауға мүмкіндік берді.

Бес сапар ресми форматта өтті.

Президент Иорданияға, Түркияға, Қырғызстанға, Қытайға және Жапонияға барды. Бұл сапарлар келіссөздерге бай бағдарламамен, бизнес қауымдастықтармен кездесулермен және гуманитарлық бастамалармен қатар жүріп, екіжақты байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықтың күн тәртібін кеңейтті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айында Ресей мен Өзбекстанға екі мемлекеттік сапар жасаған. Бұл бағыттар Қазақстан үшін экономика, транзит және өңірлік тұрақтылық тұрғысынан дәстүрлі түрде аса маңызды саналады. Сапарлардың мемлекеттік мәртебесі өзара сенімнің жоғары деңгейін және серіктестіктің стратегиялық маңызын айқындады.

Қытайға жасалған сапар барысында Қазақстанның мәдени орталығы ашылып, ШЫҰ саммитіне қатысу арқылы серіктестіктің гуманитарлық және экономикалық өлшемі нығая түсті.

Вашингтонда өткен Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының АҚШ Президентімен C5+1 форматындағы кездесуі Қазақстанның өңірлік диалогтағы жетекші ойыншылардың бірі ретіндегі рөлін бекіте түсті.

Токиода өткен «Орталық Азия + Жапония» саммитінде инвестиция, технология және логистика салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағыттары айқындалды.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы сыртқы саяси динамика Қазақстанның халықаралық беделінің нығайғанын айқын көрсетті. Белсенді дипломатия, серіктестердің кең ауқымы және жаһандық үдерістерге қатысу еліміздің халықаралық аренадағы позициясын күшейтті.

Қорыта айтқанда, 2025 жыл Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы белсенділік, стратегиялық диалогтар мен жемісті келіссөздер жылы болды. Ел Президентінің сапарлары аймақтағы қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық пен көпвекторлы дипломатияны нығайтуға бағытталды. Қазақстан тек аймақтық емес, әлемдік деңгейдегі маңызды серіктес ретінде танылды.

2026 жылдың фотохроникасы: реформа, жаңа кезең, стратегиялық серіктестік

2026 жыл Қазақстан үшін саяси жүйені жаңғырту, жаңа Конституцияны қабылдау және халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару тұрғысынан маңызды кезең болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері елдегі конституциялық реформаның негізгі кезеңдеріне қатысып, халықаралық сапарлар жасады, ірі экономикалық және технологиялық жобаларды талқылады.

Жылдың басты оқиғаларының бірі – жаңа Конституцияның қабылдануы және бір палаталы Құрылтайдың жұмысын бастауы болды. Сонымен қатар Қазақстан Қытаймен технологиялық әріптестікті күшейтіп, Пәкістан, Қатар, Оман және басқа мемлекеттермен байланысын дамытты.

Конституциялық реформаның жаңа кезеңі

Қазақстан, Қызылорда

20 қаңтар: Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жүйесін жаңғыртуға қатысты негізгі ұсыныстарын жариялады.

Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру, оның атауын Құрылтай деп өзгерту және конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдум арқылы бекіту жөніндегі бастамаларды ортаға салды.

Президенттің айтуынша, Құрылтай атауын қолдану қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрімен сабақтастықты білдіреді. Реформа аясындағы ұсыныстар кейін жаңа Конституция жобасының негізіне айналды.

Қазақстан, Қызылорда қаласы

Пәкістанмен стратегиялық байланыс

4 ақпан: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барып, премьер-министр Шахбаз Шарифпен келіссөз өткізді.

Пәкістан

Кездесуде Қазақстан мен Пәкістан арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Пәкістанға мемлекеттік сапар жасауға шақырғаны үшін Шахбаз Шарифке алғыс білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Сапар Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктестерімен байланысын нығайту бағытындағы дипломатиялық қадамдардың бірі болды.

Пәкістан, Исламабад қаласы

Жаңа Конституцияға жол ашқан референдум

15 наурыз: Қазақстанда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтті.

Қазақстан, Астана

Бұл – 2026 жылдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі. Референдум өткізу туралы Президент Жарлығына 11 ақпанда қол қойылды. Дауыс беруге жаңа Конституция жобасы шығарылды.

Референдум қорытындысынан кейін жаңа Конституция қабылданып, елдің саяси-құқықтық жүйесін қайта құрудың келесі кезеңі басталды.

Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды

21 наурыз: Астанада жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті.

Қазақстан, Астана

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңға қол қойып, Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа да қол қойды.

Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституция бойынша қалыптасқан Парламенттің өкілеттігі тоқтатылды.

Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа кезең басталды.

ЕАЭО-дағы цифрлық даму және жасанды интеллект

28 мамыр: Президент V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясына қатысты.

Қазақстан, Астана

Форум биыл «ЕАЭО – жаһандық цифрлық бәсекедегі: жасанды интеллектке басымдық беру» тақырыбына арналды.

Тоқаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің экономиканың дамуына ықпалын атап, жаңа технологияларды енгізу және цифрлық трансформация мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан, Астана

Бұл тақырып кейін Қазақстанның ішкі күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың біріне айналды.

Парламент дәуірінің аяқталуы

30 маусым: Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі.

Қазақстан, Астана

Бұл жиын Қазақстанның екі палаталы Парламентінің соңғы отырыстарының бірі болды. Президент тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы Парламент дәуірінің тұтас кезеңін қорытындылады.

Жаңа Конституцияға сәйкес, 1 шілдеден бастап бұрынғы Парламенттің өкілеттігі тоқтап, елдің заң шығарушы органы ретінде бір палаталы Құрылтай жұмыс істеуге тиіс болды.

Қытаймен жаңа «алтын отыз жылдық»

16–17 шілде: Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жұмыс сапарымен барып, Шанхайда ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Сапардың маңызды бағыты – жасанды интеллект, цифрландыру, көлік-логистика, өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту болды.

Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтып, екі елдің «жаңа алтын отызжылдыққа» бірге қадам басып отырғанын атап өтті.

Шанхайдағы жұмыс сапары барысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім мен меморандумға қол қойылды.

Сапар аясында Президент Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен де кездесті. Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа бағыттарының біріне айналды.

«Болашақ ойындары – 2026»: спорт пен технология тоғысы

29 шілде: Президент Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарысының ашылу салтанатына қатысты.

Қазақстан, Астана

Іс-шара спорт пен заманауи цифрлық технологияларды біріктірген халықаралық жоба ретінде өтті.

Тоқаев жарыстың ашылуында сөз сөйлеп, мұндай форматтағы шаралардың жастар, технология және спорт арасындағы байланысты күшейтетінін атап өтті.

Қазақстанның жаңа саяси кезеңі: Құрылтай жұмысын бастады

28 тамыз: Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бір палаталы заң шығарушы органның бірінші сессиясын ашып, Қазақстанның даму жолында аса маңызды кезең басталғанын айтты.

Осылайша, жыл басында басталған конституциялық өзгерістердің негізгі кезеңі аяқталып, елдің жаңа саяси архитектурасы жұмысын бастады.

Оманмен жаңа дипломатиялық бетбұрыс

5–6 қазан: Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Қазақстан, Астана

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты саяси және экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Сапар Қазақстанның Парсы шығанағындағы мемлекеттермен ынтымақтастығын кеңейту тұрғысынан маңызды дипломатиялық оқиғалардың біріне айналды. Ақорданың 6 қазандағы күн тәртібінде екі ел басшыларының келіссөздері негізгі халықаралық оқиғалардың қатарында көрсетілген.

2026 жылдың басты кадрлары

2026 жылдың алғашқы тоғыз айдан астам уақытында Мемлекет басшысының күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бірнеше бағытқа топтасты. Бір жағынан, Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылды. Екінші жағынан, сыртқы саясатта Қытай, Пәкістан, Оман, Қатар және басқа мемлекеттермен байланыстарды дамытуға басымдық берілді.

Жылдың ішкі саяси күн тәртібіндегі басты оқиғалар Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдан басталып, 15 наурыздағы референдуммен, жаңа Конституцияның қабылдануымен және 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуымен жалғасты.

Ал халықаралық күн тәртібінде Пәкістанға мемлекеттік сапар, Қытайдағы жоғары технологиялық компаниялармен келіссөздер және Оман Сұлтанының Қазақстанға мемлекеттік сапары ерекше орын алды. Қытай сапары барысында 15 миллиард доллардан астам соманың коммерциялық құжаттарына қол қойылуы экономикалық күн тәртібінің ауқымын көрсетті.

Жалпы, 2026 жылдың 7 қазанына дейінгі фотохроника Қазақстанның ішкі саяси жаңғыруы мен халықаралық байланыстардың қатар жүргенін көрсетеді. Жаңа Конституция, Құрылтай, цифрландыру, жасанды интеллект және стратегиялық серіктестік – осы кезеңдегі негізгі тақырыптарға айналды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp