Жамбыл облысының Шу аудандық соты жүк пойызының төрт теміржол қызметкерін басып кетуіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» теміржол аралығында болған. Ол кезде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бригада қауіпсіздік талаптары толық сақталмай жұмыс істеген. Сонымен қатар, пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы дер кезінде хабар берілмеген.
Оқиға салдарынан төрт қызметкер көз жұмып, тағы екі адам түрлі жарақат алған.
Сот үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сондай-ақ сотталған үш азаматқа теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Мемлекеттік айыптауды транспорттық прокуратура қолдады. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.