АҚШ президенті Дональд Трамп елдің жетекші қорғаныс компаниялары қару-жарақ өндірісін ұлғайтуға келіскенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеп хабарлады хабарлады.
Трамп 6 наурыз күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында қорғаныс өнеркәсібі басшыларымен өткен кездесуде өндіріс көлемін арттыру және өнім шығару кестелері талқыланғанын айтты.
Кездесуге BAE Systems, Boeing, Honeywell Aerospace, L3Harris Missile Solutions, Lockheed Martin, Northrop Grumman және Raytheon компанияларының бас директорлары қатысқан.
АҚШ президентінің сөзінше, бұл компаниялар «эксклюзив санаттағы» деп аталатын қару-жарақ өндірісін төрт есеге дейін көбейтуге келіскен. Оның айтуынша, мақсат – мүмкіндігінше қысқа уақытта көбірек әскери өнім шығару.
Трамп өндірісті кеңейту жұмыстары бұл кездесуге дейін шамамен үш ай бұрын басталғанын да атап өтті. Қазір қару-жарақтың басым бөлігі зауыттарда шығарылып жатыр, ал жаңа кәсіпорындарды өз аумағында орналастыру үшін АҚШ штаттары арасында бәсеке күшейген.
Сонымен қатар ол Иранда қолданылатын және жуырда Венесуэлада да пайдаланылған орта және жоғары санаттағы оқ-дәрілердің қоры жеткілікті екенін айтты. Дегенмен осы санаттағы қару-жараққа қосымша тапсырыстар берілгенін жеткізді.
Трамптың айтуынша, бұл кездесудің қорытындысы бойынша тағы бір жиын өткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен екі айдан кейін өтеді.
Бұған дейін АҚШ президенті Иранмен кез келген келісім тек оның «сөзсіз тізе бүгуі» жағдайында ғана мүмкін болатынын мәлімдеген болатын. Сонымен бірге Вашингтон одақтастарымен бірлесіп Тегеранға қатысты экономикалық саясатты күшейту бағытында жұмыс жүргізетінін айтқан.