Мазмұнға өту
qandastar.

Түнде көршілер шуласа не істеу керек: заңда қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бақытжан Мұса · · 14 қаралым
Түнде көршілер шуласа не істеу керек: заңда қандай жауапкершілік қарастырылған?

Түн ортасында жөндеу жұмыстарын жүргізу, қатты музыка қою немесе айқай-шу шығару көршілердің тыныштығын бұзып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтар өз құқықтарын заң аясында қорғауға құқылы, дейді Qandastar.kz.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, азаматтардың тыныштығын бұзуға жол берілмейді. Жұмыс күндері тыныштықты сақтау уақыты сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін белгіленген.

Егер көршілер осы уақытта қатты шу шығарып, тыныштықты бұзса, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп, жағдайды тіркеп, заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қолданады.

Шу жүйелі түрде қайталанған жағдайда учаскелік полиция инспекторына жазбаша арыз беруге болады. Сонымен қатар, құқық бұзушылықты растайтын бейне немесе аудиожазбаларды сақтап қойған жөн. Жазбада оқиғаның уақыты мен күні көрінсе, бұл істің мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін.

Тыныштықты бұзған жеке тұлғаларға алғаш рет 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін артады. Ал тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық орындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жауапкершілік мөлшері жоғары болуы мүмкін.

Сондықтан түнгі уақытта көршілердің шуынан зардап шеккен азаматтар мәселені жанжал арқылы емес, заңда белгіленген тәртіппен шешуге құқылы.

Бөлісу: Telegram WhatsApp