Мазмұнға өту
qandastar.

Түрік балуанын тас-талқан еткен Мерей Базарбаев әлем чемпионы атанды

Малика Хамит 13 қаралым
Түрік балуанын тас-талқан еткен Мерей Базарбаев әлем чемпионы атанды

Қазақстандық балуан Мерей Базарбаев еркін күрестен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Отандасымыз финалда қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлем біріншілігінің шешуші кезеңінде Мерей Базарбаев 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Түркия өкілі Бекир Кесермен белдесті. Финалдық кездесуде қазақстандық спортшы 8:0 есебімен басым түсті.

Мерей чемпионат барысында да жоғары нәтиже көрсетті. Ол 1/8 финалда АҚШ балуаны, бірнеше жас санатындағы әлем чемпионы Люк Лилледальді 3:1 есебімен ұтты. Ширек финалда Франция өкілі Расул Галбораевты 13:2 есебімен жеңсе, жартылай финалда жапониялық Даито Катсумені 7:0 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, Мерей Базарбаев Қазақстан тарихында U23 санатында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екінші балуан болды. Бұған дейін 2024 жылы Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта топ жарған еді.

Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды

Ұлттық құрама Лас-Вегастағы әлем чемпионатын үш алтын, бір күміс және үш қола медальмен аяқтады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp