Киберқауіпсіздік мамандары туристерді нысанаға алатын алаяқтық әрекеттердің көбейгенін айтып дабыл қағуда. Сарапшы Сергей Золотухиннің мәліметінше, қаскөйлер адамдарды алдау үшін жалған сайттар мен «тым тиімді» ұсыныстарды қолданып, олардың ақшасы мен банк карталарының деректерін иемденіп жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.
Оның айтуынша, алаяқтар әуе компанияларының, теміржол қызметтерінің және танымал брондау платформаларының көшірме сайттарын жасап, оларды іздеу жүйелеріндегі жарнамалар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратады. Тіпті YouTube пен TikTok-тағы қысқа видеолар да осы схеманың бір бөлігіне айналған.
Мамандар билеттерді тек ресми қосымшалар немесе бұрыннан сенімді болып келген сервистер арқылы сатып алуға кеңес береді. Күмәнді түрде арзан ұсыныстар мен «шұғыл» акцияларға ерекше сақтықпен қарау қажет. Себебі алаяқтар жиі жалған турлар мен экскурсияларды ұсынып, алдын ала төлем алған соң байланысқа шықпай қалады.
Сонымен қатар, жалған сайттар арқылы жолақы төлеу, қонақүй брондау немесе пәтер жалдау қызметтері де ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда қолданушыларды алдап, олардың банк деректеріне қол жеткізу көзделеді.
Сарапшылар фишингтен қорғану үшін жарнамалық сілтемелерге өтпеуге және тек ресми платформаларды пайдалануға шақырады.