Мазмұнға өту
qandastar.

Түркістанда екі оқушы бірдей 140 ұпай алып, рекорд жаңартты

Малика Хамит · · 731 қаралым
Түркістанда екі оқушы бірдей 140 ұпай алып, рекорд жаңартты

Түркістан қаласындағы «TULGA SCHOOL» жекеменшік мектебінің екі бірдей түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары нәтиже – 140 балл жинады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ерекшелігі сол, екеуі де бір сыныпта оқып, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған.

11 «Д» сыныбының оқушылары Жаңбырбай Айсұлтан мен Нышанбаев Жасур 16 мамыр күні өткен негізгі ҰБТ барысында үздік нәтиже көрсетті.

Екі талапкер де дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдаған. Сонымен қатар олар IELTS халықаралық емтиханынан 6,5 балл алған.

Жасур Нышанбаев Түркістан қаласында тұрады. Ол қаңтардағы ҰБТ-да 120 балл жинаса, наурыз айында көрсеткішін 128 балға дейін көтерген. Ал негізгі тестілеуде 140 ұпайға қол жеткізді.

Ал Айсұлтан Жаңбырбай Шымкенттен арнайы келіп, мектеп жатақханасында тұрған. Оның да нәтижесі кезең-кезеңімен өскен: қаңтарда – 125, наурызда – 128, мамырда – 140 балл.

Қос түлек болашақта Максут Нәрікбаев атындағы университет құрамында аударма ісі мамандығын меңгеруді жоспарлап отыр. Олар халықаралық деңгейде қызмет етуді мақсат етеді.

Мектеп өкілдерінің айтуынша, бұл нәтиже оқушылардың еңбегімен қатар, ұстаздар мен ата-аналардың қолдауының жемісі. Бір сыныптан екі бірдей 140 балл иегерінің шығуы өңірдегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp