Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Шілік ауылында 4 жасар қызды шибөрі талады, деп хабарлайды
порталы.
Оқиға 26 сәуір күні болған.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жыртқыш алдымен баланы қауып алған. Оқиғаны көрген ауыл тұрғыны араша түскен кезде шибөрі оның бармағын тістеп үлгерген. Кейін қашып бара жатқан аңды тоқтатпақ болған тағы бір тұрғын да жарақат алған. Соңында үшінші азамат шибөріні ұрып өлтірген.
Шибөрі баланың үш жерінен тістеп алған. Екі ересек адам амбулаториялық емге жіберілді, ал бүлдіршін ауруханада ем қабылдап жатыр
Қазір зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында. Барлығына құтыруға қарсы профилактикалық екпе салынған.
Сондай-ақ ветеринар мамандар шибөріден сынама алып, зертханаға жолдаған. Инфекция таралмауы үшін жыртқыш анықталған аумақ пен тұрғындардың аулалары арнайы ерітіндімен залалсыздандырылды. Жалпы 630 шаршы метр жер өңделген.
Әкімдік мәліметінше, бұл аймақта шибөрі жиі кездеседі. Бүгін кешке мамандар жыртқыштарды аулауға шығады.