Түркістанда журналистің жоғалған көлігі бірнеше сағатта табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Түркістан облысында журналистке тиесілі автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті қысқа уақыт ішінде анықталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көлік иесі жоғалғаны туралы полицияға жедел түрде хабарлаған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шыққан.
Қазіргі уақытта автокөлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, арнайы айыптұраққа қойылды. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жалғасып жатыр.