Петропавлда екі адамнан ақша бопсалау ісіне жазасын өтеп жатқан сотталушы да қатысқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол түрмеден бейнебайланыс арқылы қосылып, жәбірленушілерге қысым жасауға көмектескен.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жүрген. Осы уақытта оның сыбайластары Петропавлдағы сауналардың бірінде екі адамды ұстап, күш қолданатынын айтып, ақша талап еткен.
Сотталушы да бейнебайланыс арқылы сөйлесуге қосылып, жәбірленушілерден ақша беруді талап еткен. Осылайша, ол қылмыстық топтың әрекетіне қатысып, жәбірленушілерге көрсетілген психологиялық қысымды күшейткен.
Тергеу барысында сотталушының қылмысқа қатысын растайтын бірнеше дәлел анықталған. Жәбірленушілер оны бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, ақша талап еткен адам ретінде таныған.
Сонымен қатар сыбайласының телефонынан «Саша» деген атпен сақталған нөмірдің сотталушыға тиесілі екені анықталған. Хат алмасуда қылмыстың мән-жайы, іздерді жасыру әрекеттері және қылмыстық жолмен алынған ақшаны бөлісу мәселелері талқыланған.
Ұялы байланыс операторы нөмірдің сотталушыға тиесілі екенін растаған. Ал базалық станция деректері қылмыс жасалған күні оның телефоны өзі жазасын өтеп жатқан мекеме аумағында болғанын көрсеткен.
Банк операциялары да ақша қозғалысын растаған. Сонымен бірге жәбірленушілердің 300 мың және 145 мың теңге көлемінде қарыз рәсімдегені анықталған.
Бірінші сатыдағы сот сотталушыға бопсалау бойынша 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Алайда ол бұл қылмысты бұрынғы үкім бойынша 21 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген кезде жасаған. Осыған байланысты жазаларды қосу тәртібімен оның түпкілікті жазасы 8 жыл бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Кассациялық сот іс материалдары мен дәлелдемелерді зерттей келе, сотталушының кінәсі дәлелденгенін және тағайындалған жазаның заңға сай екенін көрсетті.
Осыған байланысты соттардың шешімдері өзгеріссіз қалдырылды.