Мазмұнға өту
qandastar.

Түрмеге темекі кіргізіп, сотталғанмен WhatsApp-та сөйлескен қызметкер жазаланды

Малика Хамит · · 27 қаралым
Түрмеге темекі кіргізіп, сотталғанмен WhatsApp-та сөйлескен қызметкер жазаланды

Оралда құқық қорғау органының қызметкері сотталған адамға заңсыз жолмен көмектескені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, БҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемесінде жұмыс істеген сотталушы 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында жазасын өтеп жатқан адаммен келісіп, оған 10 блок немесе 100 қорап темекі алып кірген. Бұл қызметі үшін сотталған адамнан 60 мың теңге алған.

Сонымен қатар оның түрме аумағында ұялы телефон пайдаланатынын білген. Алайда телефонды тәркілеу үшін шара қолданбаған әрі бұл туралы басшылығына хабарламаған. Керісінше, онымен WhatsApp арқылы байланыста болған.

Сотталушы сотта кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін де ескерді.

Сот үкімімен ол 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұдан бөлек, ол «әділет аға лейтенанты» арнайы атағынан айырылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp