Алматыда тауға серуендеуге шығып, кері қайтар жолды таба алмай қалған қызға құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол Горельник шатқалында адасып кеткен.
Оқиға Медеу ауданында, теңіз деңгейінен шамамен 1900 метр биіктікте болған. 2006 жылы туған қыз тауға көтерілгенімен, кейін төмен түсетін жолды өздігінен таба алмаған.
Қыздың жоғалғанын байқаған қарындасы құтқарушыларға хабарласып, оның соңғы рет болған жерінің координаттарын берген. Сондай-ақ қызбен байланыс үзілгені белгілі болды.
Іздестіру жұмыстарына кіріскен Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары көп ұзамай оны тауып алды. Құтқарушылар қызды қауіпсіз жерге дейін жеткізіп, «Горельник» визит-орталығына аман-есен алып барған.
Бақытына қарай, қыздың денсаулығына қауіп төнбеген. Ол медициналық көмекке мұқтаж болмаған және үйіне өз бетінше қайтқан.
Осы жағдайға байланысты құтқарушылар тауға шығатындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Мамандар жорық алдында өз мүмкіндігіңізді бағалап, таныс әрі қауіпсіз бағытты таңдауға кеңес береді. Ал төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласу қажет.