Алматы өңіріндегі тау өзендері мен мореналық көлдерге бақылау күшейтілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Мамандар Алматы қаласының ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп Ақсай, Қарғалы, Кіші Алматы және Үлкен Алматы өзендері алаптарындағы мореналық көлдерді әуеден тексерді.
Бақылау нәтижесінде барлық көлдердің мұздан толық арылғаны және маусымдық су толу кезеңіне өткені анықталды. Табиғи су ағымы қалыпты сақталған. Сондай-ақ сел қаупі бар көлдердегі су деңгейі шекті межеден төмен екені, ал сел белсенділігінің белгілері тіркелмегені айтылды. Қазіргі гидрологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда.
Бұдан бөлек, Ақсай өзені алабындағы апаттық-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Мамандар бүлінген жолдарды қалпына келтіріп, өзен жағалауын бекітті және гидротехникалық нысандарға қауіпсіз қатынауды қамтамасыз етті.
ТЖМ мәліметінше, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау өзендеріне қосымша жылжымалы бақылау бекеттері орналастырылды. Қазір мореналық көлдер, мұздықтар мен өзен арналарының жай-күйі тәулік бойы үздіксіз бақылауда.