Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі өткен аптада бірқатар маңызды іс-шара өткізіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
ТЖМ делегациясы Беларусь атом электр станциясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ министрлік қызметкерлеріне «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі табысталды.
Министрлікте жойқын жер сілкінісі болған жағдайда мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылдары пысықталды. Бұдан бөлек, ТЖМ басшысы Балқаш жағалауында жаңа құтқару станциясын ашып, Жаңа Жамбыл фосфор зауытындағы қауіпсіздік шараларымен танысты.
Қазақстан ТЖМ авиациясы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының іздестіру-құтқару мәселелеріне арналған халықаралық конференциясына қатысты. Министрлік басшысы «Селденқорғау Құрылыс» РМК-ның қалпына келтіру жұмыстарының барысын да тексерді.
Сонымен қатар ТЖМ жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу жұмыстарын күшейтіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жалғастырып жатыр.