Қазақстанда «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық акциясы жалғасуда. Оның алтыншы күні қарт азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. «Аға буын – сенімді қорғауда!» ұранымен өткен іс-шаралар аясында еліміз бойынша 4 818 адам қамтылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тақырыптық күн аясында қарт адамдармен 728 кездесу ұйымдастырылды. Оған өртке қарсы қызметтің 237 ардагері қатысты.
Сонымен қатар мамандар үй-үйді аралау барысында 5 мыңнан астам тұрғын үй мен пәтерді тексеріп, шамамен 5,3 мың азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 828 бұзушылығы анықталды. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерге 523 көміртегі тотығы датчигі орнатылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 64 мұржа тазартылып, 23 жылыту пеші жөнделді. Сондай-ақ 88 үйде электр сымдары жаңартылды.
ТЖМ өкілдері мұндай профилактикалық шаралар әсіресе қарт адамдардың тұрмыстағы қауіпсіздігін арттыруға және жылыту маусымында өрт пен көміртегі тотығынан улану жағдайларының алдын алуға бағытталғанын атап өтті.