Қазақстанда жылыту маусымында аға буын өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы жалғасып жатыр. Бастамаға танымал спортшылар, әртістер, әншілер, блогерлер мен қоғам қайраткерлері қолдау білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Акцияның негізгі мақсаты – өрттің алдын алу және жылыту маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе, егде жастағы ата-аналардың үйлеріндегі пештердің, электр құрылғыларының және жылыту жүйелерінің қауіпсіздігіне назар аудару маңызды.
ТЖМ бастамасына қазақстандық чемпиондар, музыканттар мен өнер өкілдері де қосылып, тұрғындарды жақындарының қауіпсіздігін тексеруге шақырып жатыр.
Министрлік азаматтарға ата-аналары мен жақындарының үйіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды, жылыту құралдарын дұрыс пайдалануды және ықтимал қауіптердің алдын алуды еске салады.