«Қазавиақұтқару» АҚ Жедел басқару орталығының жедел кезекшісі Алма Мұхамедиева ТЖМ авиациясының жұмысын үйлестіруге үлес қосып келеді. Ол авиациялық операциялар кезінде қажетті ақпараттың уақытылы берілуін және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жедел басқару орталығының мамандары тәулік бойы жұмыс істеп, әуе кемелерін ұшуға дайындаудан бастап, тапсырмаларды орындау мен қонуға дейінгі кезеңдерді үйлестіруге қатысады. Бұл жұмыста әр маманның жауапкершілігі мен үйлесімді әрекеті маңызды.
Алма Мұхамедиева үшін жұмыстың басты нәтижесі – қойылған міндетті сәтті орындау және адамдарды құтқаруға үлес қосу. Оның айтуынша, осындай сәттер өз мамандығының маңызын терең сезінуге мүмкіндік береді.
«Ұшқыштарымыз әрдайым аман-есен болып, әуе кемелеріміздің ұшуы мен қонуы сәтті өтсін. Аспанымыз ашық, елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнап, халқымыз аман болсын!» – дейді Алма Мұхамедиева.