Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, Теміртауда қалпына келтірілген трамвайға мінді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл сапар екі жыл бұрын айтылған міндеттердің қалай орындалғанын көрсетті.
Екі жыл бұрын не айтылды
Президент 2024 жылғы 14 тамызда Qarmet металлургиялық комбинатына барған еді. Сол кезде Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшірудің маңызын атап өтті. Бұл алғашқы кезеңнің өзінде кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Сол сапарда Теміртауда күзде экологиялық таза көлік түрі – трамвай қайта іске қосылатыны да айтылды. Президент комбинаттың бұрынғы даңқын қайтару және әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлу басты міндет екенін жеткізді.
Газ: қалада да, комбинатта да
Теміртау Қарағанды облысында газдандыру жобасы толық жүзеге асқан алғашқы қала болды. Бес жыл ішінде тарату желілерінің үш кезегі салынды. Олар сегіз іске қосу кешенін қамтиды, барлығы 215 шақырым құбыр тартылды. Нәтижесінде 6 мыңға жуық жеке үйдің тұрғындары көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алды. Қазір газ желісіне 2 200-ден астам құрылыс қосылған. Тағы 2 900-ге жуық абонент техникалық шарт алды, яғни пештен бас тартып, газ қазандығын орнатуға дайындалып жатыр.
Газдандыру комбинатты да қамтыды. Qarmet-те домна өндірісі газға көшірілді: шойын балқытатын үш пештің үшеуі де қазір газбен жұмыс істейді. Соның арқасында металлургтер мазут пен тас көмір коксын пайдалануды едәуір қысқартты. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етті.
Трамвай қайта жүрді
Бүгін Мемлекет басшысы Республика даңғылы бойымен «Инженерная» аялдамасына дейін трамваймен жүріп, атқарылған жұмыстың сапасын өзі бағалады. Трамвай қатынасын Qarmet компаниясы 2024 жылы қалпына келтірді. Содан бері жолаушылар 1 миллионнан астам сапар жасады. Қалада 30 шақырым жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды, 8 жаңа заманауи вагон сатып алынды. Трамвайларда ыңғайлы электронды төлем жүйесі бар, ал Qarmet қызметкерлері мен ардагерлері тегін жүреді.
Qarmet басшылығымен қысқа әңгімеде Президент трамвай қатынасының қайта жанданғанын жоғары бағалады.
– Шынында да, трамвай Теміртау үшін – уақыт байланысы. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіруді талап еткені де, сіздердің оған құлақ асқандарыңыз да дұрыс. Сіздер комбинатқа келген кезде мен Теміртауды абаттандырумен міндетті түрде айналысу керектігін айтқан едім. Қала қараусыз қалған еді. Мұнда әлі де атқарылатын жұмыс көп, бірақ бастама жасалды. Теміртау тұрғындары газбен қамтамасыз етілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еңбек ұжымының көңіл-күйі жақсарғанын, адамдар оң өзгерістерді байқап отырғанын атап өтті.
– Біз комбинатты міндетті түрде прогрестің, табыстың, тіпті, айта аламын, өркендеудің символына айналдырамыз, – деді Президент.