Ұлттық тестілеу орталығы қазақстандық талапкерлерді ҰБТ-ға қатысты алаяқтық ұсыныстардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Qandastar.kz KAZ.NUR.KZ порталына сілтеп.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерде “ҰБТ-дан өткізіп береміз”, “грантқа түсіреміз” немесе “дайын тест жауаптарын береміз” деген сияқты хабарламалар жиі кездеседі. Алайда мұндай ұсыныстардың бәрі — алаяқтық.
Орталық әрбір тест тапсырушыға жеке нұсқа берілетінін еске салып, интернетте таралатын “дайын жауаптар” мен “сұрақтардың сливі” шынайы тестпен сәйкес келмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, тест материалдарын заңсыз тарату фактілері анықталған жағдайда, тиісті құқық қорғау органдарымен бірлесіп шара қолданылатыны ескертілді. ҰБТ тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының интеллектуалдық меншігі болып саналады және оларды заңсыз жариялау заң алдында жауапкершілікке әкеледі.
Мамандар талапкерлерді тек өз біліміне сеніп дайындалуға және академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырды.