Қазақстанда жұмыспен қамтуды арттырып, инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынбақ, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің халыққа Жолдауын жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет екенін мәлімдеді.
Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтарды іске асыру жолдары талқыланды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел экономикасының түрлі саласында инфрақұрылымды жаңартуға және ауқымды реформалар жүргізуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы бағдарламаның тағы бір маңызды бағытына тоқталды. Оның сөзінше, жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуі тиіс.
«Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Үкімет отырысында сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.