Украина Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына бұдан былай соққы жасамауға келісті. Бұл шешім АҚШ-пен жүргізілген келіссөздерден кейін қабылданған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Киев Қара теңізде Ресейге қатысы жоқ азаматтық кемелерге де шабуыл жасамау туралы міндеттеме алған. Алайда бұл үшін бірқатар талап сақталуы керек.
Атап айтқанда, танкерлер мен олардың иелері Украина санкцияларына ұшырамауы, Ресей азаматтарына немесе компанияларына тиесілі болмауы тиіс. Сондай-ақ кемелер Ресей мұнайын немесе басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамауы қажет.
Коммерциялық тасымалдаушыларға қажетті нұсқаулықтар беріліп, олармен байланыс орнатуға арналған арнайы арналар әзірленген.
Келіссөздер шілде айында Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалына жасалған бірнеше дрон шабуылынан кейін жүргізілді. Шабуылдар кезінде Қазақстан мұнайын тиеп жатқан бірнеше танкер зақымданып, өрт шыққан. Соның салдарынан мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, Қазақстанның мұнай экспортына әсер еткен.
КҚК Қазақстан үшін мұнай экспорттайтын негізгі бағыттардың бірі саналады. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында өндірілетін мұнайдың басым бөлігі құбыр жүйесі арқылы Новороссийск маңындағы терминалға жеткізіледі.