Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған хабарлама жіберген жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оны Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде анықтаған.
Оқиғаға қатысты күдікті 26 тамызда Украинаның Сумы қаласында ұсталған.
Тінту кезінде одан бірнеше ұялы телефон, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді.
Құқық қорғау органдары электронды құрылғыларды тексеру барысында пайдаланылған аккаунтты, жіберілген хабарламаның мәтінін және іске қатысты басқа да цифрлық дәлелдерді анықтаған.
Қазір тәркіленген техникаларға талдау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар полиция күдіктінің ықтимал сыбайластарын анықтап, оның осыған ұқсас басқа да жалған хабарламаларға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Қазақстан мен Украина құзырлы органдары іс бойынша әрі қарай қандай процессуалдық шешім қабылданатынын анықтау үшін өзара жұмысты жалғастырып жатыр.
ІІМ мұндай хабарламаларға жеңіл қарамауға шақырды. Полицияның мәліметінше, терроризм, жарылыс, кепілге адам алу немесе басқа да қауіп туралы көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Ведомство ата-аналарға балаларымен интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы сөйлесіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күдікті әрекеттерге назар аударуды ұсынды.