Қазақстан азаматтарына жасалған интернет-алаяқтық істерінің бір бөлігі шетелден ұйымдастырылғаны анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Украина аумағында қазақстандықтарды алдауға қатысы бар 20-дан астам колл-орталық әшкереленген.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық фактілері 40%-ға азайған. Ал биылғы алғашқы сегіз айда көрсеткіш тағы 13%-ға төмендеген.
Мәселен, былтыр 16 564 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 14 417-ге түскен.
Құзырлы органдар алаяқтардың әрекетінен азаматтарға келтірілген 6 млрд теңгеге жуық шығынды қайтарған. Сонымен қатар 170 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталып, шетелге шығарылуы мүмкін 5,5 млрд теңгенің жолы кесілген.
ІІМ өкілінің сөзінше, трансұлттық қылмыстық топтар азаматтарды алдау кезінде дайын электронды және цифрлық шаблондарды пайдаланады.
Осыған байланысты Қазақстан құқық қорғау органдары Украинадағы әріптестерімен және компаниялармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Украинада аталған алаяқтық схемаларға қатысы бар 18 адам қамауда.
Сонымен қатар қазақстандық банктерде күдікті қаржылық операцияларды автоматты түрде анықтап, тоқтатуға мүмкіндік беретін антифрод жүйелері жұмыс істейді.