Мазмұнға өту
qandastar.

Украинада жараланған сарбазды ауыр жүк көтеретін дронмен құтқарды

Бақытжан Мұса
Reuters
Reuters

Украиналық әскери қызметші Константин Власенко майданда ауыр жараланып, бірнеше ай бойы қираған мектептің қазандығында жасырынған. 4 қазанда оны арнайы жабдықталған ауыр жүк көтергіш дрон 15 шақырым қашықтыққа жеткізіп, қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

49 жастағы Власенко Украина Қарулы күштерінің 30-механикаландырылған бригадасында қызмет еткен. Ақпан айында ресейлік дрондардың шабуылы салдарынан ол сол аяғынан айырылып, оң аяғы ауыр жарақаттанған. Қозғалу мүмкіндігі шектелген сарбаз қираған мектептің қазандығының астындағы тар жерде паналауға мәжбүр болған.

Жарақаты асқынып, жағдайы қиындаған соң, Власенко оң аяғының қалған бөлігін өздігінен кесуге мәжбүр болғанын айтты. Ол бірнеше ай бойы сол жерде жатып, азық-түлік пен қажетті заттарды ұшқышсыз аппараттар арқылы алып отырған.

Сарбазды дәстүрлі көлікпен эвакуациялау дрондардың шабуыл жасау қаупіне байланысты мүмкін болмаған. Оны құтқаруға жіберілген екі жерүсті робот-көлік те жойылған. Осыдан кейін украиналық әскери қызметшілер ауыр жүк көтеретін жаңа дронды пайдалануға шешім қабылдаған.

Операцияда алты роторы бар «Аюдаг-6» ауыр дроны қолданылған. Аппаратқа арнайы электрлі лебедка орнатылып, сарбазды көтеруге арналған әбзелмен жабдықталған. Құтқару алдында Власенкоға қажетті құрал-жабдық пен оны пайдалану жөніндегі бейненұсқаулық жеткізілген.

4 қазанда сарбаз дронға бекітілген арнайы әбзелге орналасып, шамамен 70 метр биіктікке көтерілген. Аппарат оны майдан шебінен 15 шақырым жердегі қауіпсіз аймаққа жеткізген. Операция кезінде үш қосымша дрон негізгі аппаратты қорғауға және қарсыластың ұшқышсыз құрылғыларының назарын басқа жаққа аударуға пайдаланылған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Власенконың басынан өткен оқиғалар туралы мәліметтер украиналық әскери қызметшілер мен дрон камерасына түсірілген бейнежазбалар арқылы расталған. Алайда агенттік оның әңгімесіндегі барлық деректі тәуелсіз түрде тексере алмағанын атап өтті.

Қазіргі уақытта сарбаз Харьков қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы аман қалуға деген үміті азайғанымен, дрон арқылы жасалған құтқару операциясы оған қауіпсіз жерге жетуге мүмкіндік берген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp