Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қатысты шектеулерді күшейту мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz поралына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Ұлттық қорды сақтау және оны ұлғайту мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда контрциклдік бюджет ережесі күшіне енген, ал Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін қордан бөлінетін трансферттер көлемі айтарлықтай қысқарған.
Мысалы, өткен жылы кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 5,2 триллион теңгеден асса, 2026 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2,2 триллион теңгені құрайды. Биыл нысаналы трансферттер қарастырылмаған, тек кепілдендірілген трансферттер ғана сақталған.
Молдабекованың сөзінше, мұндай тәсіл Ұлттық қордан қаражат алуды азайтуға мүмкіндік береді. Себебі кепілдендірілген трансферт мұнай бағасының консервативті болжамына негізделіп шектеледі, ал нысаналы трансферт мемлекеттік шығыстар лимиті арқылы реттеледі.
Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор 8,7 миллиард доллар көлемінде рекордтық инвестициялық табысқа қол жеткізген. Соған қарамастан, трансферттерге қарамастан қор көлемі өскен: 2023 жылдың соңында 58,8 миллиард доллар болса, 2024 жылдың соңында 63,9 миллиард долларға жеткен. Қазіргі таңда оның нарықтық құны шамамен 64,6 миллиард долларды құрайды.