Ұлытау облысы орташа жалақы көлемі бойынша Қазақстандағы ең жоғары табыс деңгейі бар өңірлердің қатарына енді. Өңір бұл көрсеткіш бойынша Астана мен Алматы қалаларын, сондай-ақ бірқатар мұнайлы аймақтарды басып озды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ұлытау облысындағы орташа айлық жалақы 655 995 теңгені құрады. Бұл республика бойынша орташа номиналды жалақыдан (461 486 теңге) айтарлықтай жоғары.
Ең жоғары жалақы тіркелген өңірлер үштігінде Маңғыстау облысы 659 801 теңгемен бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарды Ұлытау облысы (655 995 теңге) мен Атырау облысы (652 950 теңге) иеленді.
Салыстырмалы түрде алғанда, Астанадағы орташа айлық жалақы 609 725 теңгені, Алматыда 574 162 теңгені, ал Шымкентте 350 374 теңгені құраған.
Сарапшылар өңірдегі жоғары жалақы деңгейін тау-кен металлургия саласының дамуы және ірі жұмыс беруші саналатын «Қазақмыс» корпорациясының қызметімен байланыстырады. Компанияның өндірістік жобалары мен еңбекақыны индекстеу саясаты білікті мамандарды тартуға және өңірдің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Ұлытау облысы жалақы деңгейі бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі ретіндегі позициясын сақтап келеді.