Мазмұнға өту
qandastar.

Ұлытау облысы жалақы көлемі бойынша елімізде бірінші орынға шықты

tursynhan · · 63 қаралым
Ұлытау облысы жалақы көлемі бойынша елімізде бірінші орынға шықты

2026 жылдың I тоқсанында Ұлытау облысындағы орташа айлық жалақы 637,3 мың теңгені құрап, республикадағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл ел бойынша орташа деңгейден 43,2%-ға артық, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қаңтар–наурыз айларында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 445,1 мың теңге болды. Ал Ұлытау облысында бұл көрсеткіш республикалық деңгейден 192,3 мың теңгеге жоғары қалыптасты.

Жалақы көлемі бойынша Ұлытаудан кейін Атырау және Маңғыстау облыстары орналасқан. Бұл өңірлердегі орташа айлық еңбекақы тиісінше 610,1 мың және 608,4 мың теңгені құрады. Астанада орташа жалақы 559,9 мың теңге болса, Алматыда 551,6 мың теңгеге жеткен. Осылайша Ұлытау облысы аталған көрсеткіш бойынша еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлері мен мегаполистерін басып озды.

Өңірдегі жалақы деңгейінің жоғары болуына облыс экономикасының өнеркәсіптік мамандануы айтарлықтай ықпал етеді. Ұлытау экономикасының негізгі салаларының бірі – тау-кен металлургия кешені. Бұл секторда білікті мамандарға сұраныс жоғары болғандықтан, еңбекақы көлемі де көптеген басқа салалармен салыстырғанда жоғары деңгейде қалыптасады.

Облыстың экономикалық дамуы мен жұмыспен қамтуында «Қазақмыс» компаниялар Тобы да елеулі орын алады. Өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі саналатын Топ кәсіпорындары тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, өндірістік қуаттарды дамыту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бағытындағы жобаларды іске асырып келеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp