Мазмұнға өту
qandastar.

Ұлытау облысында азаматтық қорғау инфрақұрылымы жаңғыртылады

Бақытжан Мұса · · 7 қаралым
Ұлытау облысында азаматтық қорғау инфрақұрылымы жаңғыртылады

Ұлытау облысында азаматтық қорғау жүйесінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мухановтың облыс әкімі Есет Байкенмен өткен кездесуінде талқыланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Кездесу барысында өңірдегі қолданыстағы бөлімшелерді жаңғырту, жаңа нысандар салу және облыстың аумақтық ерекшеліктерін ескере отырып, төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.

Соңғы екі жылда облыста бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларында жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылса, Жәйрем кентінде әмбебап құтқару бөлімшесі құрылды. Сонымен қатар Жезқазғанда ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы жаңғыртудан кейін жұмысын бастады және ТЖМ авиациялық-құтқару отряды құрылды.

Алдағы кезеңде Жезқазғандағы ӨСБ-7 ғимаратын жаңғырту, жаңа өрт сөндіру депосы мен жедел-құтқару отрядының ғимаратын салу жоспарланған. Жезді кентінде ғимаратты өрт сөндіру бөліміне бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Жаңаарқада жаңа өрт сөндіру депосын салу жобасы іске асырылуда.

Бұдан бөлек, шалғай елді мекендер мен автомобиль жолдарындағы жедел ден қою жүйесін дамытуға назар аударылды. Жезқазған–Қызылорда автожолында өрт сөндіру депосын салуға арналған учаске белгіленді. Ал Жезқазған–Қарағанды бағыты бойынша әмбебап құтқару пунктін орналастыру көзделіп отыр.

Жобаларды іске асыру өңірдегі азаматтық қорғау нысандарының бірыңғай инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp