Үндістанның Керала штатында діни шара кезінде піл бақылаудан шығып, қайғылы жағдайға әкелді. Оқиға Ангамали ауданындағы Кидангур елді мекенінде, Махавишну ғибадатханасында өткен мерекелік рәсім барысында болған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты The Sun басылымына сілтеп хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, піл шынжырын үзіп, аумақта ретсіз қозғалып, айналасындағы көліктер мен инфрақұрылым нысандарына зақым келтірген. Салдарынан 40 жастағы ер адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Куәгерлер жануардың біраз уақыт бойы агрессивті болғанын айтады. Оқиға орнына полиция, орман шаруашылығы мамандары және арнайы қызметтер шақырылып, піл тыныштандыратын дәрілердің көмегімен ұсталды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар пілді ұстау жағдайын және шараны ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.