Қазақстанда 37 медициналық ұйымның ғылыми жұмысына бағалау жүргізілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Нәтижесінде кейбір мекемелерге жұмысын күшейту тапсырылса, бір ұйымның ғылыми мәртебесі болашақта қайта қаралуы мүмкін.
Бағалау Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарын қамтыды. Олардың жұмысы ғылыми зерттеулерден түсетін табыс, жарияланым саны, ғылыми еңбектерге сілтеме жасалу көрсеткіші, патенттер, инновациялар және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру деңгейі бойынша сараланды.
Тексеру қорытындысы бойынша Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына көрсеткіштерін шұғыл жақсарту тапсырылды. Егер 2026 жылдың қорытындысы бойынша нәтиже талапқа сай болмаса, ұйымның ғылыми ұйым мәртебесі қайта қаралуы мүмкін.
Ал Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми ұйым мәртебесін сақтау ұсынылды. Бұл орталық қан қызметі мен трансфузиология саласындағы республикалық деңгейдегі мамандандырылған жалғыз ұйым болғандықтан, оның қызметінің ерекшеліктері ескерілді.
Сонымен бірге медициналық ғылыми ұйымдарға отандық және шетелдік гранттарды көбірек тарту, халықаралық зерттеулерге қатысу, патент санын арттыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды дамыту тапсырылды.
Бұдан бөлек, ғылыми қызметті бақылауға арналған цифрлық платформа құру мәселесі де қаралып жатыр. Ол медициналық ұйымдардың ғылыми жұмысы туралы деректерді жинап, талдауға мүмкіндік бермек.
Бағалау нәтижелері Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысында қаралды.