Мазмұнға өту
qandastar.

«Үш күн бойы жағдайы ауыр болған»: Астанада жүкті әйел екі сәбиінен айырылды

Малика Хамит · · 43 қаралым
«Үш күн бойы жағдайы ауыр болған»: Астанада жүкті әйел екі сәбиінен айырылды

Астанада егізге жүкті болған әйел екі сәбиінен де айырылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қайғылы жағдайға байланысты отбасы перинаталдық орталық дәрігерлерінің әрекетіне шағым түсірді.

Туыстарының айтуынша, жүктіліктің алтыншы айында әйел егіздердің бірінен айырылған. Дәрігерлер жүктілікті әрі қарай жалғастыруға болатынын айтқан.

Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің денсаулығына қатысты алаңдатарлық белгілер пайда болған. Отбасының мәліметінше, оның ішіндегі тері алдымен күрең, кейін көкшіл түске өзгерген. Жақындары дәрігерлерге бірнеше рет хабарласқанымен, шұғыл операция бірден жасалмағанын айтады.

Туыстары әйелдің жағдайы үш күн бойы ауыр болғанын мәлімдеді. Кейін «109» қызметіне шағым түскен соң дәрігер шақырылып, кесарь тілігі жасалған.

Ота нәтижесінде жүктіліктің 31-аптасында салмағы 1 келі 600 грамм болатын сәби дүниеге келген. Отбасының айтуынша, нәресте алғашында өздігінен тыныс алып, жылаған. Бірақ бір тәуліктен кейін сәби сепсис салдарынан шетінеген.

Қазір әйел босанғаннан кейінгі бөлімде ем қабылдап жатыр.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. Медициналық көмек көрсетіліп, перинаталдық орталықта қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.

Отбасы Денсаулық сақтау министрлігінен медициналық мекемедегі жағдайды тексеруді сұрап отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp