Маңғыстау облысында экскурсиялық топпен бірге жүрген ер адамның денсаулығы күрт нашарлап, оған шұғыл медициналық көмек қажет болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ер адам медициналық мекемеге өздігінен жете алмаған.
Оқиға Қарақия ауданындағы Қарынжарық аумағында болған. 1996 жылы туған азамат экскурсиялық топтың жүргізушісі ретінде Қарынжарықтан әрі қарай «Үстірт» шекара бекетіне қарай бет алған.
Жағдай туралы ақпарат «112» құтқару қызметіне түскен соң, ер адамды қауіпсіз жерге жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы іске қосылды.
Құтқарушылар науқасты «Бөгет» шекара бекеті маңынан эвакуациялап, Ақтау әуежайына жеткізді. Әуежайда оны жедел жәрдем бригадасы күтіп алып, облыстық ауруханаға жеткізді.
Осылайша құтқару қызметінің жедел әрекетінің арқасында ер адам медициналық көмекке уақытылы жеткізілді.