Астана қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек даулары мен ұжымдық шарттың маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Инспекторлардың мәліметінше, жұмыскерлер негізінен жалақы, демалыс, жұмыс режимі, еңбек қауіпсіздігі және тәртіптік жазалар бойынша арызданады. Ерлан Исмағұлов мұндай түсініспеушіліктердің алдын алуда сапалы жасалған ұжымдық шарттың ролі жоғары екенін атап өтті. Еңбек кодексіне сәйкес, бұл құжатқа қол қойылған соң оның талаптары жұмыс беруші мен ұжым үшін бірдей міндетті болады.
Сондай-ақ брифингте нақты ереже бұзу дерегі келтірілді. Департамент қызметкерге тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жүрген күндері үшін бекітілген өтемақыны төлемеген кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама алды.