Мазмұнға өту
qandastar.

Венесуэлада жойқын жер сілкінісі болды: мыңдаған адам зардап шегуі мүмкін

Бақытжан Мұса · · 49 қаралым
Венесуэлада жойқын жер сілкінісі болды: мыңдаған адам зардап шегуі мүмкін

Венесуэлада екі бірдей қуатты жер сілкінісі тіркеліп, елдің солтүстік және орталық өңірлерінде ауқымды қирауларға әкелді. 24.kz сайты хабарлағандай, табиғи апаттан кейін Каракас қаласындағы тұрғын үйлер мен бірқатар ғимараттар зақымданған. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі хабарлады, дейді Qandastar.kz.

Жер сілкінісі 24 маусым күні кешкі уақытта болған. Алдымен магнитудасы 7,2 болатын жер асты дүмпуі тіркелсе, араға аз уақыт салып магнитудасы 7,5-ке жеткен екінші сілкініс орын алған. Екі жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласы маңында, шамамен 10-13 шақырым тереңдікте орналасқан.

АҚШ Геологиялық қызметінің алдын ала бағалауынша, апат салдарынан қаза тапқандар саны мыңдаған адамға жетуі мүмкін. Алайда Венесуэла билігі әзірге құрбандардың нақты саны туралы ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Оқиғадан кейін елде төтенше жағдай режимі енгізілді. Венесуэла Президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес негізгі жер сілкіністерінен кейін 20-дан астам афтершок тіркелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Каракас халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылды, ал парламенттің 25 маусымға жоспарланған отырысы кейінге шегерілді.

Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельоның айтуынша, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері үйінді астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр.

Бастапқыда АҚШ-тың Цунамиден сақтандыру орталығы Венесуэла жағалауы, Пуэрто-Рико және Виргин аралдары үшін цунами қаупі туралы ескерту жасаған. Кейін қауіп деңгейі төмендеп, ескерту күшін жойды.

Шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, соның ішінде Ресей елшілігі өз ғимараттарының зақымданбағанын және қызметкерлердің қауіпсіз екенін хабарлады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp