Мазмұнға өту
qandastar.

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,8 мыңнан асты

Бақытжан Мұса · · 273 қаралым
Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,8 мыңнан асты

Венесуэлада 24 маусымда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 889 адамға жетті. Бұл туралы Tass.ru порталына сілтеме жасап Qandastar.kz хабарлады.

Боливариан Республикасының Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің мәліметінше, табиғи апат салдарынан тағы 16 740 адам түрлі жарақат алған. Сондай-ақ 17 907 тұрғын баспанасыз қалып, мыңдаған отбасы зардап шеккен.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жер сілкінісі кезінде 190 ғимарат толық қирап, тағы 856 нысан айтарлықтай зақымданған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 6 462 адам үйінді астынан аман-есен құтқарылған.

Сонымен қатар 28 836 адам медициналық мекемелерде ем қабылдаған. Билік табиғи апаттан зардап шеккен 86 794 отбасыға көмек көрсетіп, өңірлерге 9 603 тонна азық-түлік жеткізген.

Еске салайық, жойқын жер сілкінісі 24 маусым күні кешке болған. Шамамен 40 секунд аралықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер асты дүмпуі тіркелген. Олардың эпицентрі Яракуй штатында, бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Табиғи апаттан кейін өңірде мыңнан астам афтершок тіркелді.

Бұған дейін Венесуэлада 1 шілдеден бастап жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланған болатын. Сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp